Тазалық – қаланың айнасы. Қала аумағында күн сайын санитарлық жұмыстар атқарылып жатқандығына қарамастан, көшеге, жол бойына құрылыс қалдықтарын, стихиялық қоқысты тастап кететін азаматтар бар. Осы бағыттағы үгіт-насихатты жүйелендіру үшін, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілді. Былтыр аула тазалығына немқұрайлы қараған 174 азамат айыппұл арқалады.

Биыл да тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Дегенмен, 15 қаңтар мен ай соңына дейін Әулиеата және Жібек жолы аудандарында тазалық сақтамаған 195 нысан иесі анықталса, оның ішінде 170 адамға ескерту берілді және 20 адамға айыппұл салынды.

Жалпы, тазалық сақтамаған тұрғындарға, нысан иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.