Мұса Рахманбердиев 1951 жылы Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты Шөлдала стансасында қатардағы теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1968 жылы қазіргі Тараз қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектебін бітірген. Әкесі Рахманберді ұзақ жылдар темір жолда жұмысшы болып еңбек еткен. Шешесі ауыр сырқаттан ертеректе қайтыпты. Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиеленді. Мұса әскери борышын өтеген соң, еңбек жолын Жамбыл фосфор зауытында жұмысшы болып бастайды. Мақала, очерктер, хат-хабарлар жазып газеттерге араласуы да сол жылдардан. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне 1975 жылдары келді. Бұл кезде ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай түскен кезі. Облыстық газетте ол ізденгіш, тындырымды, жазу қабілеті мол, үйренуден жалықпайтын журналист, елгезек азамат ретінде көзге түскен. Көп ұзамай қызметі Алматыға ауысты, онда «Жазушы» баспасына аға редактор қызметіне барды. Мұнда ол өзінің жазушы болу арманын жүзеге асыруға белсене кірісті. Бірнеше прозалық «Ақ тілек», «Үкілі сай», «Жылы жел» жинақтары, «Мезгіл әуендері» очерктер мен публицистика кітабы, кейін таңдамалы жинағы жарық көрді, Жазушылар одағының мүшесі болды. Әдеби ортаға батыл араласып, Мереке Құлкенов, Баянғали Әлімжанов, Есенғали Раушанов, Серік Байхонов, Сейітқазы Досымов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Елен Әлімжанов тағы басқалармен әріптес, сыйлас болғанын білеміз. Аға жазушылар арасынан Шерхан Мұртаза мен Тәкен Әлімқұловты ұстаз тұтып, солардың шығармашылық ықпалында болды деуге болады.
Алматыда жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Ақиқат» журналында, республикалық баспа комитетінде, «Қазақстан», «Жазушы» баспаларында, Қазақ теледидарында, «Қазақтелефильм» студиясында тағы басқа орындарда жемісті еңбек етті. Жамбыл облыстық телерадио компаниясының төрағасы қызметіне «Қазақтелефильм» студиясының Бас директорлығынан келген болатын. Шын мәнінде ол ақпарат құралдарының барлық саласында еңбек етіп, өзінің жан-жақты қаламгер, жүйрік журналист, білікті басшы екенін республика көлемінде танытқан еді. Сонымен бірге шебер ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз, жастар жанашыры да бола білді.